О нас

«Монтессори әдістемесін балабақшада қолдану»

Нұр-Султан қаласы әкімдігінің №64 «Асыл бөбек» балабақшасының меңгерушісі Мукашева Ж.И.

«Монтессори әдістемесін балабақшада қолдану»

Ертеректе мектеп жасына дейінгі балалық шақ мерзіміне біздің халықымыз «ойын баласы» деп атау берген. Кейінірек, атақты психолог, педагогтар да мектеп жасына дейінгі шақты зерттей келе, балалардың дамуындағы нағыз маңызды кезең екендігіне көз жеткізіп, осы пікірмен толықтай келісті емес пе?  Біз, бала тәрбиесімен шұғылданып жүрген кейінгі ұрпақ ұстаздар қауымы да осы қағиданы үнемі естен шығармай, өз тәжірибемізде пайдалануға тырысамыз. Жаңа пайда болған технологиялар болсын, ата-бабамыздан қалған ұлттық педагогика элементтері болсын немесе бала тәрбиелеу саласында өздерінің белгілі әдістемелерімен із қалдырған ағартушылар мен психолог мамандарының еңбектеріндегі тәжірибелер болсын қалт жібермей мектеп жасына дейінгі балаға сіңіруге болатын білім мен тәрбие беруде барынша қолдануға талаптанамыз. Аталғандардың қатарындағы біршама уақыт ұмыт болып қайта жанғырған, қазіргі уақытта «20 ғасырдың еркін педагогикасының символы» деп аталып жүрген атағы әлемге белгілі Мария Монтессоридің тәжірибесіне тереңірек  тоқталуға тырыссақ. Астана қаласындағы № 64 «Асыл бөбек» тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған балабақшада Монтессори кабинеті жұмыс жасайды. Балабақша ашылған алғашқы күннен бастап осы кабинетті жабдықтауға, жабдығын сал ауруымен ауыратын балаларға бейімдеуге аса мән бердік. Сал ауруының әсерінен балада өздігінен іс-әрекет жасау  көптеген қиындықтар тудырады да, оның өзіне деген сенімдерін жояды. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша міндеттелетін білім деңгейін беруге тырысқан педагогтың да балаға коятын талабы кейде өкінішке орай, жоғары болып жатады. Уақыт көрсеткендей, осы жағдайлардың барлығы да әлі толық жетіле қоймаған бала психикасына кері әсерін тигізіп жатады. Ал, М.Монтессори жүйесінің талабы дәстүрлі педагогика талаптарына қарағанда өзгешелеу. Монтессори педагогикасының негізгі принципі – балаға  өзін-өзі тәрбиелеуге, өз бетінше оқуға, өз бетінше дамуға жағдай жасау болып табылады. Арнайы ұйымдастырылған дидактикалық ортада балаға өз бетінше , өз қалауымен еркін қимылдауға, таңдауға мүмкіндік беріледі. Яғни, М. Монтессоридің «Мұны өзімнің жасап шығуыма көмектес» қағидасы бұлжытпай орындалады. Бұл жерде педагогтың ролі ерекше. Педагог бала әрекеттерін сырттай бақылайды, тек бала қажет еткен кезде ғана көмекке келеді. Баланың қоршаған ортаны дербес зерттеуіне кедергі келтірмейді. Педагог жұмыс барысында балалар қандай материалдарға көбірек қызығушылық танытады немесе қандай дидактикалық құрал-жабдықтарды балалар мүмкіндігіне әлі де бейімдеу қажет екендігін бақылап кабинетті толықтырып отыруға, бала кабинеттен шыққан соң қайтадан оралуды тілеп тұратындай ахуал жасауға барынша тырысады. Негізгі мақсат- баланы ойлауға, пікір алмасуға, талдауға, қорытынды жасауға жетелеу. Сонымен қатар, біздің балабақшада тәрбиелік іс-шараларын, оқу әрекеттерін Монтессори кабинетінде өткізуге қызығатын басқа да педагог-мамандардың талаптары құпталады. Ондай мамандар үшін арнайы кесте құрылып, оқу жүйесінің жүйелі түрде өтуіне жағдай жасалады. Кабинетте оқу әрекетін баламен жеке түрде жүргізу  арқылы балалардың қол моторикасын дамытып,өз беттерінше жұмыстар атқарып,қиыншылықтарды жеңе білуге,еркін ойлауға тәрбиелеуге қол жеткізсек, топпен ұйымдастырылған оқу әрекетінде балаларда әртүрлі жаттығулар арқылы ұйымшылдық, тапқырлық, ізденімпаздық қабілеттері қалыптасып, бір-біріне кедергі келтірмей, қайта бір-біріне көмектесуге тырысатындарын байқадық. Монтессори әдістемесінің тірек-қимыл әрекетінде ауытқуы бар балалар үшін тағы бір ұтымды өзіндік орны бар. Ол - балаларда гигиеналық дағдыларды қалыптастыруға, өзіне өзі қызмет көрсетуге дайындау мақсатында ұйымдастырылатын кәдімгі өмірге бейімделген ойын-жаттығуларды жасату болып табылады. Өйткені, бұл балаларда өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларының жетілуінде үлкен қиындықтар болатыны белгілі. Дамуында ауытқуы бар балалар үшін қолайлы жағдайлардың жасалуы олардың белсенді танымдық үрдістерінің дамуына және өздеріне, айнала қоршаған ортаға деген қызығушылығын тудыруға, сонымен қатар, көтеріңкі көңіл-күйдің орнығуына әсер ететіні рас. Осыны ескере отырып, Монтессори кабинетін жабдықтау кезінде педагогикалық ұжым дамыту ортасын 5 орталыққа бөлуді жөн көрді. Әрқайсысына жеке тоқтайтын болсақ: Шынайы өмірге дайындайтын жаттығулар орталығының мақсаты - балаға өзіне қамқорлық жасауға көмектесу (баланы түймелеуге, бауды байлауға , жуынуға, кір жууға, үтіктеуге, аяқ киімін тазалауға, үстел жабдығын әзірлеуге, еден сүртіп, сыпыруға, сұйық заттарды құюға, жеңіл тағамдарды жасауға  т.б.үйрету). Cенсорлық дамыту орталығының мақсаты - баланың есту, иіс, дәм сезу, көру сияқты анализаторларын дамыту  (баланы заттардың пішінін, түрін, түсін, дыбысын, көлемін ажырата білуге үйрету). Тіл дамыту және оқуға дайындау орталығының мақсаты - баланың тілдік қорын байыту, әріптермен таныстыру, сөздің мағынасын ажыратуға, оқу, жазуға  үйрету, қолдың ұсақ моторикасын т.б. дамыту). Математикалық орталықтың мақсаты - ойын арқылы  математика ғылымының негіздерін меңгеруге үйрету ( санау, қосу, алу, бөлу, көбейту сияқты ұғымдарды меңгерту, кеңістікті, уақытты  бағдарлауға  т.б. үйрету). Жаратылыстану орталығының мақсаты: бұл жерде бала заттар мен құбылыстардың бір-бірімен қатынасын және жалпы қоршаған орта туралы түсінік алады. Жаратылыстану ғылымдарының негіздерін  білетін болады. Қозғалыс белсенділігін дамыту орталығының мақсаты- әртүрлі спорттық жабдықтарды пайдалану арқылы баланың қимыл-қозғалысын реттеу, қолдың ұсақ бұлшық еттерін  жаттықтыру т.б. Осындай орталықтардағы жүйелі әрі шығармашылықпен ойластырылған оқу әрекеті баланың  өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі оқытуға және өзін-өзі дамытуға бағытталған жаратылысынан берілген потенциалын «іске  қосады». Оған біздің Монтессори-педагогтың және басқа да мамандардың  оқу жылының соңындағы беретін есептері арқылы көз жеткізіп отырамыз. Жалпы, ұжым педагогтары М. Монтессори тілімен айтқанда «балада мақсатқа жетемін деген ынтаны дамытуды неғұрлым ерте бастасақ, күшті, еркін және дербес тұлғаны ертерек қалыптастыруға қол жеткіземіз» деген ұранмен еңбек етеді. Біз соны мақтан тұтамыз!